
Әлеуметтік желілерде Алматыдағы түнгі көлік қудалауы түсірілген бейнежазба тарап жатыр. Басты кейіпкер – Tesla жүргізушісі. Ол жол қозғалысы ережесін елемей, мегаполис көшелерінде қауіпті жарыс ұйымдастырып, жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің өміріне қауіп төндірді.
Оқиға түн ортасында болған. Kris_p_almaty Telegram-арнасы хабарлағандай, Tesla тізгіндеген ер адам полицияның тоқтау туралы талабын орындамаған. Жоғары жылдамдықпен қызыл жарыққа өткенімен, минут сайын апатты жағдай туғызуға шақ қалған.
“Оқиға GTA ойынын еске түсіреді, бірақ бұл – шынайы өмір және нақты қауіп”, – делінген жазбада.
Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі жүргізушінің жеке тұлғасы анықталғанын хабарлады. Қазір оны ұстау және жауапқа тарту бойынша шаралар қабылданып жатыр.
“Ешкімге көшеде шоу жасауға рұқсат берілмейді. Бұл — компьютерлік ойын да, кино да емес. Бұл — адамдар өмір сүретін және жүретін қала. Әр азамат өз әрекетінің салдарын түсінуі тиіс. Біз үшін басты қағида – жауапкершіліктің бұлтартпастығы. Заң мен тәртіп – бұл жай ұран емес, бұл – міндет”, – деді қалалық полицияның жергілікті қызмет басшысы Серік Шұмаев.
Құқық қорғау органдары қауіпті жағдайлар мен жол ережесін бұзу деректерін байқаған азаматтарды бірден "102" нөміріне немесе полиция бөлімшесіне хабарласуға үндейді.