
Cadillac ресми түрде 2026 жылғы Формула-1 маусымына қатысатын құрамын жариялады. Америкалық команда General Motors қолдауымен тәжірибелі жүргізушілер – Серхио Перес пен Валттери Боттасқа сенім артты.
Көпшілікке танымал Серхио Перес пен Валттери Боттас екеуінің жалпы тәжірибесі – 527 Гран При, ал жеңістері – 16 жарыс.
Команда басшысы Грэм Лоудон бұл шешімді «ниет пен мақсаттың айқын көрсеткіші» деп бағалады:
«Перес пен Боттас Формула-1-де табысқа жету үшін не қажет екенін жақсы біледі. Олар тек тәжірибелі ғана емес, сонымен қатар жаңа команданы қалыптастыруға көмектесетін көшбасшылар».
Мексикалық пилот жаңа кезеңге үлкен мотивациямен кірісуде:
«Cadillac командасымен бірге мансабымның жаңа, қызықты тарауын бастаймын. Алғашқы кездесуден-ақ жобаның артында тұрған адамдардың құштарлығын сездім. Cadillac – америкалық автоспорттағы аңыз, және Формула-1-де осы атаумен жүру – мен үшін үлкен мәртебе. Бізді бүкіл құрлық қолдайды деп сенемін, ал біздің мақсатымыз – Американың нағыз командасына айналу».
Финляндиялық тәжірибелі жүргізуші де Cadillac жобасын болашағы зор деп есептейді:
«Күнде бір жаңа команданың негізін қалау мүмкіндігі берілмейді. Мен әлемдегі ең мықты командалармен жұмыс істедім, ал Cadillac-та дәл сондай кәсібилікті көріп отырмын. Cadillac – америкалық автоспорттың культтік бренді. Әлемдік ареналарда осы бренд атынан шығу – ерекше мүмкіндік. Сондай-ақ Mercedes-ке қолдауы үшін алғыс білдіремін».
Cadillac пен General Motors-тың стратегиялық серіктестігі америкалық жанкүйерлер үшін жаңа дәуірді ашпақ. Перес пен Боттас сынды тәжірибелі жүргізушілердің қосылуы команданың алғашқы қадамынан-ақ бәсекеге қабілетті болуға ниетті екенін көрсетеді.