
Қазақстан азаматы шекарада ұсталды.
Жетісу облысының тұрғыны Қытайдан көлік сатып алу үшін 47 300 доллар айырбастап, елден шығармақ болған. Алайда «Нұр жолы» өткізу пунктіндегі кедендік тексеру кезінде оның қол жүгінен рұқсат етілген лимиттен асатын қаражат анықталды. Бұл туралы Azattyq Rýhy хабарлады.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, азаматтар 10 000 АҚШ долларына дейінгі соманы кедендік декларациясыз алып өте алады. Ал бұл шектен асатын қаражат міндетті түрде жазбаша декларациялануы тиіс.
Панфилов аудандық сотында ер адам ақшаның жартысы екі досына тиесілі екенін айтқан. Алайда сот бұл мәлімдемені дәлелсіз деп тауып, оны әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот шешімі бойынша:
4,5 миллион теңге айыппұл салынды;
37 300 доллар мемлекет кірісіне тәркіленді;
10 000 доллар иесіне қайтарылды.
Сот куәгерлердің айғақтарын күмәнді деп есептеді, себебі айыпталушының жауапкершіліктен жалтаруына көмектесу мақсатында айтылған деп бағалады. Құқықбұзушылық нақты бейнежазбалар, кедендік хаттамалар мен құжаттар арқылы дәлелденді.
Сот үкімі әлі күшіне енбеген. Сол уақытта доллар бағамы 484,19 теңгені құрады.