
Танымал продюсер Баян Алагөзова алғаш рет қазіргі күйеуі Тұрсын Алагөзовпен таныстығы мен сол кезеңдегі ішкі сезімдері туралы ашық айтты. Бұл сұхбат барысында ол бұрынғы жары Бақытбек Есентаевпен қарым-қатынасын да еске алып, екеуінің айырмашылығына тоқталды.
Баян Мақсатқызы Тұрсын Алагөзовпен алғаш жүздескен сәтінде өз жасын 42-де болғанын атап өтті. Ол алғашқы кездесуде үш сағат бойы тоқтамай сөйлегенін, ал Тұрсын мүлгіп тыңдағанын еске алады. Продюсердің айтуынша, бұл оған бұрын-соңды болмаған әсер сыйлаған.
"Үш сағат бойы өзімді тоқтата алмадым. Тек мен сөйледім, ол тыңдап отырды. Бұрынғы күйеуіммен ондай ашық әңгімелер болмаған – тек күнделікті тұрмыстық сұрақтар. Ал Тұрсынмен сөйлескенде мені шынайы түсініп отырғанын сезіндім", – дейді ол.
Сұхбат барысында Баян Мақсатқызы Тұрсынмен танысқан кезде екеуі де отбасылы болғанын жасырмады. Дегенмен бұл сезімді тоқтатуға ешбір күш жетпегенін айтты.
"Иә, мен де, ол да сол кезде үйлі-баранды едік. Бірақ бұл кездесу бәрін өзгертті. Оны көрген сайын – менің адамым екенін анық түсіндім. Тоқтай алмадық. Себебі сен өзіңнің адамыңды жолықтырған сәтте ештеңе саған кедергі бола алмайды", – деді продюсер.
Баянның айтуынша, арада қанша жыл өтсе де, олар сағаттап сөйлесіп, бір-бірін тыңдаудан шаршамайды. Қарым-қатынас ашықтық пен түсіністікке негізделген.