
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойынынан кейін пікір білдірді.
Назым Қызайбай Instagram парақшасында Алматының Орталық стадионында түскен суреттерін жариялап, матчты бағалады. Кадрларда ол Түркияның Олимпиада чемпионы Бусеназ Сюрменели, екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева және кәсіпқой боксшы Рано Пархатовамен бірге көрінді.
«Матч „Қайрат“ — „Реал Мадрид“. Есеп – 0:5. Дегенмен әлемнің үздік клубтарының бірімен ойнау – үлкен тәжірибе. Біздің жігіттерге әлі шыңдалу керек, бірақ ойын жақсы болды», – деп жазды Қызайбай.
Айта кетейік, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында «Қайрат» 0:5 есебімен мадридтік «Реалдан» ойсырай жеңілді. Бірақ спортшылар мен сарапшылар бұл ойынды қазақстандық команда үшін дамуға жол ашатын тәжірибе деп бағалап отыр.