Қазақстандық актер Әбілмансұр Серіков үшінші рет шаңырақ көтерді. Оның жары, актриса Гүлия Ұзақбаева әлеуметтік желіде неке қию рәсімінен кейін түсірілген суреттерді жариялап, оқырмандарына жеке өміріндегі жаңа кезеңді көрсетті.
“5:32” сериалы мен “Дос-Мұқасан” фильмі арқылы көпшілікке танылған актер Әбілмансұр Серіков үшінші рет үйленді. Бұл қуанышты жаңалықты оның жұбайы, актриса Гүлия Ұзақбаева Instagram парақшасында жариялаған фотолар арқылы растады.
Жарияланған кадрларда жас жұбайлардың мешітте отырғанын көруге болады. Суреттердің неке қию рәсімінен кейін түсірілгені аңғарылады. Сондай-ақ, қалыңдықтың қолында ақ раушан гүлдеріне толы үлкен себет болған.
Гүлия Ұзақбаева желідегі жазбасында:
“Өмірімнің жаңа беті”, — деп қысқа ғана пікір қалдырған.
Бұл жазба желі қолданушыларының ерекше назарын аударып, жас жұбайларға көптеген жылы лебіз жолданды.
Жарияланым астында актер Әбілмансұр Серіков те пікір қалдырып, әзілмен:
“О, бақытты болыңдар”, — деп жазған.
Оған Гүлия:
“Әумин, аға”, — деп жауап берген.
Желі қолданушылары бұл қалжыңды бірден іліп әкетіп, түрлі пікір қалдырды. Олардың арасында актердің әзілін қызу талқылағандар да, жұпқа ақжарма тілектер айтқандар да болды.
Жас отбасыға бақыт тілегендердің қатарында отандық шоу-бизнес өкілдері де бар. Атап айтқанда, Жазира Еркін, Салтанат Құдайберген, Жәнел Серғазина, Фариза Ескермес және өзге де танымал өнер иелері құттықтауын жеткізді.
Кейінірек Гүлия Ұзақбаева жолдасымен түскен романтикалық фотоларын да жариялады. Сол жазбасында ол жұбайына деген сезімін білдіріп:
“Бұл дүниедегі қанша адамның ішінен бәрібір сені таңдар едім”, — деген мағынадағы әсерлі сөз қалдырды.