Ресейдің танымал аспазы Сергей Кагилев қазақтың ұлттық тағамы – бешбармақтың дәмін бағалап, өз пікірін білдірді.
Бешбармақты алғаш рет татып көрген аспаз бұл тағамның өзіне деген ерекше сезім тудырмағанын айтты. Оның айтуынша, бешбармақтың дәмі жаман емес, алайда оны «уникалды ететін» ерекше дәмдік ноталары жоқ. Көпшілік сүйіп жейтін қазақша бешбармақтың құрамы қарапайым болғанымен, ол жақсы сорпа, қайнатылған ет және қамырдың үйлесімін береді.
Сергей Кагилев бешбармақты сиыр етінен дайындау көп уақыт пен шығынды талап ететінін атап өтті. Қазақ ұлттық тағамдары арасында ерекше орын алатын бешбармақты әзірлеу үшін етті ұзақ қайнату қажет, ал қамырды илеу мен жаю да белгілі бір дағдыларды талап етеді. Аспаздың айтуынша, ұнмен жұмыс істеу де – әркімнің қолынан келе бермейтін күрделі процесс.
«Бұл тағамды дайындау үшін етті 3 сағат қайнатып, қамырын жайғанша көп уақыт кетеді. Ал кей адамдар ұннан қамыр жасауды ұната бермейді», – деді ол.
Бешбармақ рецептісін жеңілдету мақсатында Сергей Кагилев дайын бешбармақ лапшасын қолдануды ұсынған. Бірақ өзінің тәжірибесінен кейін дайын лапшаның бешбармаққа қажетті дәм бермейтінін түсінді.
«Дайын лапша – макарон сияқты ғана дәм береді. Ал үйде жасалған, қолмен дайындалған қазақша бешбармақ лапшасы әлдеқайда нәзік әрі ерекше дәмге ие», – деп түсіндірді аспаз.
Сергей Кагилев қазақтың ұлттық тағамы бешбармақтың дәмін мойындағанымен, оны толықтай баурап алмағанын жасырмады.
«Тағам дәмді, культке айналған, бірақ мен ерекше әсер алдым деп айта алмаймын», – деді ол.
Сөз соңында Кагилев бешбармақты дұрыс жасамаған болуы мүмкін екенін мойындады. Оқырмандардың пікірлерін оқып шыққаннан кейін, бұл тағамның өз ерекшеліктері бар екенін және оның нақты рецептісіне сәйкес жасамағанын түсінді.