"Ливерпуль" алғашқы ойында "Атлетико Мадридті" тізе бүктірді
Энфилдте өткен кездесуде алаң қожайындары испаниялықтарды 3:2 есебімен жеңді.
Чемпиондар лигасының алғашқы турында ең тартысты ойындардың бірі Ливерпульдегі «Энфилдте» өтті. Мерсисайдтық клуб кездесудің алғашқы 6 минутында екі гол айырмасымен алға суырылып шықты. Алайда қарсылас есепті теңестіріп кетті. Алаң иелері тек ойынның 90+2 минутында соғылған голдың арқасында «Атлетикодан» 3:2 есебімен жеңісті жұлып әкетті.
Ойын барысы
Англия мен Испанияның алып клубтары арасындағы кездесуді италиялық төреші Маурицио Мариани басқарды. Ойын басталысымен алаң иелері қарсыласын қысымға алып, жылдам голдарымен жанкүйерлерін дүр сілкіндірді.
- 4-минутта Мұхаммед Салахтың айып добынан кейін Эндрю Робертсон баспен соққы жасап, есеп ашты.
- 6-минутта Салах өзі де мергендігін көрсетіп, артықшылықты еселеді – 2:0.
Алайда «Атлетико» өзіне тән табандылық танытты.
- 45+3-минутта Маркос Льоренте есепті қысқартты.
- 81-минутта сол Льоренте дубль авторы атанып, таразы басын теңестірді – 2:2.
Барлығы тең аяқталады деген сәтте, 90+2-минутта «Ливерпульдің» капитаны Вирджил ван Дейк бұрыштамадан келген допты голға айналдырып, командасына 3 ұпай сыйлады.
Айта кетерлік бір жайт, дәл осы голдан кейін «Атлетико» бас бапкері Диего Симеоне алаң жиегінде ашуға булықты. Осыған байланысты төрешілер тарапынан қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.