Әлемдегі ең ірі ойын баспагерлерінің бірі — Electronic Arts (EA) компаниясының акционерлері компанияны Сауд Арабиясының Суверенді қоры (PIF) бастаған инвесторлар консорциумына сату туралы шешімді ресми түрде қолдады.
Мәміленің жалпы құны 55 миллиард АҚШ долларын құрап, бұл ойын индустриясы тарихындағы ең ірі сатып алу келісімі ретінде тіркелді. Келісім аяқталған соң Electronic Arts жеке компания мәртебесіне өтеді.
Инвесторлар PIF қоры мен оның серіктестері — Silver Lake және Affinity Partners ұсынған шарттарды мақұлдады. Келісім бойынша бір акция 210 долларға бағаланды. Бұл 2025 жылдың қыркүйегінде компанияны сатып алу туралы алғашқы қауесеттер тарамай тұрып тіркелген бағадан 25 пайызға жоғары.
Барлық заңдық және қаржылық рәсімдер аяқталғаннан кейін, бұл процесс 2026 жылдың бірінші жартысында тәмамдалады деп күтілуде. Осыдан кейін EA акциялары NASDAQ биржасында саудаланбайды.
Компания басшылығының айтуынша, жеке бизнеске айналу әзірлеушілерге қысқа мерзімді қаржылық есептерге тәуелді болмай, ұзақмерзімді жобалар мен шығармашылыққа көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.
Electronic Arts үшін бұл шешім аса күрделі кезеңде қабылданды. Компания жақында ауыр қайғыны бастан өткерді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Калифорнияда жол-көлік апаты салдарынан Винс Зампелла қаза тапты. Ол — Call of Duty және Apex Legends серияларының аңызға айналған авторы әрі 2025 жылы Battlefield франшизасын сәтті қайта жандандырған тұлға.
Дәл Зампелланың жетекшілігімен шыққан Battlefield 6 ойыны 2025 жылы EA үшін негізгі қаржылық тіректердің біріне айналды.
Electronic Arts-қа салынған инвестиция Сауд Арабиясының «Vision 2030» стратегиясының бір бөлігі болып саналады. Бұл бағдарлама корольдіктің экономикасын мұнайға тәуелділіктен арылтып, жаңа салаларды дамытуға бағытталған.
Сауд Арабиясы өзін әлемдік гейминг пен киберспорт орталығына айналдыруды көздейді. Бұған дейін PIF қоры Nintendo, Capcom және Nexon компанияларындағы ірі үлестерді де сатып алған.
Мұнай бағасының құбылмалығы жағдайында миллиондаған ойыншысы бар және микротранзакциялар арқылы тұрақты табыс әкелетін ойын франшизалары өте сенімді инвестициялық актив ретінде қарастырылып отыр.