
Ағылшын Премьер-лигасының (АПЛ) 34-турында "Ливерпуль" "Тоттенхэмді" ойсырата жеңіп, тарихында 20-рет ел чемпионы атанды.
"Ливерпуль" матчты сенімді түрде аяқтап, чемпиондық титулды мерзімінен бұрын иеленді.
"Ливерпуль" — "Тоттенхэм" 5:1 (3:1)
Голдар: Соланке 12' (0:1), Диас 16' (1:1), Макалистер 24' (2:1), Гакпо 34' (3:1), Салах 63' (4:1), Удоджи — автогол 70' (5:1).
Бұл чемпиондық — "Ливерпуль" үшін ерекше мәнге ие. Команда Юрген Клопп кеткеннен кейін алғашқы маусымында жаңа бапкер Арен Слоттың басшылығымен алтын медальды жеңіп алды. Сонымен қатар мерсисайдтықтар соңғы төрт маусым қатарынан чемпион атанып келген "Манчестер Ситидің" сериясын үзді.
"Ливерпуль" осы жеңісімен "Манчестер Юнайтедтің" тарихи көрсеткішіне теңесті. Енді екі клубтың да Англия чемпионатында 20 чемпиондық атағы бар.
"Арсенал" маусымды екінші орынмен аяқтауы әбден мүмкін. Бірақ Чемпиондар лигасына берілетін жолдамалар үшін күрес әлі де жалғасып жатыр.