
Қазақстан Премьер-лигасының жазғы трансферлік науқанында "Ақтөбе" ФК құрамын жаңа шабуылшымен толықтырды. Клуб ресми түрде Нигер құрамасының ойыншысы Даниэль Сосамен келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.
26 жастағы Даниэль Соса футболшы ретінде алғашқы қадамын Ганада жасады. Ол жергілікті “Нубл Аррикс” клубының академиясынан түлеп ұшқан. Жасөспірімдер деңгейінде Соса Израильдің екі командасы – “Маккаби” Нетания мен “Бейтар Нес-Тубрук” клубтарының жастар құрамында өнер көрсетті.
Соса кәсіпқой мансабын Нигердегі АСФАН клубында бастады. Команда сапында ел біріншілігінің қола жүлдегері атанып, Африка чемпиондар лигасына қатысқан. Бұл кезең оның халықаралық деңгейде қалыптасуына зор ықпал етті.
Еуропалық тәжірибе жинау мақсатында Даниэль Беларусьтің “Ислочь” және Украинаның “Кривбас” клубтарында өнер көрсетті. Соңғы командада ол 47 матчқа қатысып, 5 голдың авторы атанған.
Қазіргі таңда Даниэль Соса Нигер ұлттық құрамасының белді ойыншыларының бірі. Шабуылшы құрама сапында 23 матч өткізіп, 8 гол соққан. Бұл көрсеткіш оның шабуыл шебіндегі сенімді ойыншы екенін дәлелдейді.