
Алмат Бекбаев Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бапкеріне байланысты пікір білдірді.
Аladop.kz порталының тілшісі Мұхаммедқали Көбеев, экс-қақпашы Алмат Бекбаевтан құраманың жаңа бапкеріне байланысты ойын білген болатын.
Ұлттық құрамамыз қазан айында іріктеу кездесулерін өткізеді. Бірақ әлі де командаға кімнің бапкер болатыны белгісіз. Журналистердің кей ақпаратына сенсек, жаңа бапкер еуропалық деп жатыр. Жалпы өзіңіз командаға қандай жаттықтырушы керек деп ойлайсыз?
“Біздің құрама командамыздың алдында Әлем немесе Еуропа чемпионатына шығу жоспары болмаса, онда өзіміздің бапкерлер жарай береді. Егерде барлығы керісінше болса, сол кезде тәжірибесі мол, командасын ірі турнирлерге шығарған адам керек. Менің ойымша, неліктен Тимур Кападзені шақыртпасқа!? Оны қазірде Өзбекстаннан алып тастады. Тимур тәжірибесінің арқасында көршілес құраманы Олимпиада мен Әлем чемпионатына шығарды. Мүмкіндік барда, осындай бапкерлерді құрамаға тарту керек”, – деді бұрыңғы қақпашы.
Айта кетейік, келе жатқан қазан айының 10 мен 13 күні Қазақстан Еуропа чемпионатына іріктеу аясында Лихтенштейн мен Солтүстік Македонияға қарсы тұрады. Алайда құрама жігіттерін сол кездесулерге дайындайтын бапкер мәселесі әлі күнге дейін нақты шешімін тапқан жоқ.