
Родриго «Қайратқа» қарсы ойын аяқталысымен Көкшетауға баруды жоспарлап отырған сияқты.
«Реал» шабуылшысын тартқан Жұмбақтас па, жоқ қайырымдылық жасап қайтайын деген ойы бар ма? Бізге белгілі болғандай, бразилиялық футболшы «Оқжетпес» сапындағы досы Энцо Мендеспен кездесуге ниетті. Бірақ ескі таныстардың қайда жолығатыны жайлы нақты ақпарат жоқ. Мүмкін Алматыда жолығып қалады.
Айта кетейік, Энцо Мендес әйгілі футзал шебері Фалькаоның ұлы. «Оқжетпеске» дейін «Елімайға» келіп қосылуға тырысқан еді, бірақ онда тұрақтай алған жоқ. Одан бөлек, Мендес Португалияда «Портимоненсе», «Лейшойнш» клубтарында және отанында «Лондрина» намысын қорғаған.
Айта кетейік, 29 қыркүйекке қараған түні Алматы әуежайына мадридтік «Реалдың» жұлдызды құрамы арнайы чартерлік рейспен қонды.
Тарихи матч 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Орталық стадионда өтеді.