«Манчестер Сити» Чемпиондар лигасындағы жүлде көшін бастады, ал «Қайраттың» табысы қандай?
2025/26 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің төрт туры аяқталғаннан кейін «Кошелёк» телеграм-арнасы жаңартылған жүлде қорының рейтингін жариялады. Бұл тізімде клубтардың ТВ табыстарымен және турнирлік бонусымен есептелген жалпы кірістері көрсетілген.
Англия мен Франция алда
Бірінші орынға ағылшын алыбы «Манчестер Сити» шықты. Олардың табысы 70,1 миллион еуроға жетті. Екінші орында — «Пари Сен-Жермен» (69,99 млн еуро), үшінші орында — «Бавария» (69,04 млн еуро).
Топ-10 құрамына кірген басқа клубтар:
- «Ливерпуль» — 67,43 млн еуро
- «Реал Мадрид» — 66,35 млн
- «Челси» — 64,40 млн
- «Арсенал» — 64,06 млн
- «Боруссия Дортмунд» — 60,32 млн
- «Интер» — 59,97 млн
- «Барселона» — 59,83 млн
«Қайрат» — дебют маусымындағы 20,95 млн еуро
Ал Алматының «Қайраты» рейтингте әзірге 36-орында, жалпы табысы 20,95 миллион еуро. Бұл көрсеткіш — Қазақстан клубы үшін тарихи нәтиже, өйткені бұл маусым ел футболының УЕФА деңгейіндегі ең табысты кезеңдерінің бірі болып отыр.
Командаға алғашқы жүлде «Пафосқа» қарсы тең ойыннан (1:1) кейін түсті. Ол матч үшін «Қайрат» 700 мың еуро сыйақы алды.

Алда алматылықтарды тағы төрт ойын, соның ішінде «Арсеналға» қарсы маңызды кездесу күтіп тұр. Егер команда плей-офф кезеңіне өтсе, табысы бірнеше есеге артуы мүмкін.
Төрешілер шешімі және қаржылық салдар
Қызықты жайт — «Брюгге» клубы «Барселонамен» ойындағы төреші Энтони Тейлордың даулы шешімінен кейін жеңісін жоғалтып, шамамен 1 миллион еуро жүлдеден айырылды. Бұл сома бельгиялық клубтың жылдық жалақы қорының шамамен 6 пайызына тең.