Диогу Пинту "Олимпия" командасының сапында биыл "Қайратқа" гол соққан еді.
Қызылордалық «Қайсар» Словенияның «Олимпия» клубында өнер көрсететін португалиялық жартылай қорғаушы Диогу Пинтуға қызығушылық білдіруде. Бұл туралы ASnews.kz хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, «қасқырлар» 26 жастағы шабуылға бейім хавбекті команда шабуылын күшейтетін негізгі кандидаттардың бірі ретінде қарастырып отыр. Дегенмен футболшының Қазақстан премьер-лигасында мансабын жалғастыруға байланысты өзге де нұсқалары бар екені айтылады.
Айта кету керек, Диогу Пинту биылғы маусымда қазақстандық клубқа қарсы ойнаған. Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы алғашқы іріктеу кезеңінде ол Люблянада өткен матчта «Қайрат» қақпасына гол соғып, кездесу 1:1 есебімен аяқталған болатын.
Лиссабондық «Спортингтің» түлегі саналатын Пинту бұған дейін италиялық «Асколи» мен «Потенца», португалиялық «Эштрела», «Вилафранкенсе», сондай-ақ «Бенфиканың» жастар командасында өнер көрсетті. Transfermarkt порталы оның нарықтағы құнын 300 мың еуро деп бағалап отыр.
Ағымдағы маусымда португалиялық футболшы «Олимпия» сапында барлық турнирде 25 матч өткізіп, сегіз гол соғып, төрт нәтижелі пас берген.