«Ертіс» пен «Қайсар» 32 жастағы жартылай қорғаушы Бауыржан Исламханды қатарына қосуды қарастырып отыр.
Өткен маусымда ойын тәжірибесі көп болмағанына қарамастан тәжірибелі хавбекке деген сұраныс сақталып отыр. Тарихы бай екі команда да құрамын күшейтуге мүдделі. Исламхан дәл қазір тәжірибесімен де, ойын оқи алуымен де пайдалы футболшы ретінде бағаланып отыр, деп жазады Aladop.kz.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылы Бауыржан Исламхан түркістандық «Тұран» және «Астана» құрамында тіркелгенімен ресми матчтардың бірде-біріне қатыспаған. Бұл фактор оның келесі қадамы туралы әңгімені күшейтті.
Бұған дейін футболшы сұхбаттарының бірінде 2026 жылы Қазақстан құрамасына қайта шақырылуды басты мақсаты ретінде атаған. Демек, алдағы маусымда Исламхан үшін ең маңыздысы — тұрақты ойын практикасын қайта табу.
«Ертіс» қазір жаңару кезеңінде. Павлодарлықтар Исламханды тәжірибелі көшбасшы, алаңдағы бағыт көрсететін ойыншы ретінде қарастырады.
«Қайсар» болса, шабуылға жақын аймақтағы ойынды жандандыруды көздейді. Қызылордалық клубқа Исламханның креативі, пас мәдениеті және ойын құру қабілеті қажет болуы мүмкін.