Бір жылға созылған трансферлік хикая өз соңына келген секілді.
Шотландиялық «Хартс» клубының бас бапкері Дерек Маккиннес Қазақстан құрамасының вингері Ислам Чесноковты алдағы күндері-ақ команда құрамына тіркеуге үміттеніп отырғанын айтты.
Маккиннестің айтуынша, Чесноковтың жаңа командасындағы дебюті 11 қаңтар күні өтуі мүмкін. Ол күні «Хартс» Шотландия Премьершипі аясында сырт алаңда «Дандиге» қарсы ойнайды.
"Чесноковты ақыры командаға тартып, жаттығу процесіне қоса алатынымызға қуаныштымын. Ол сенбі күні өтетін ойынға қатысады, алайда өкінішке қарай, алаңға шыға алмайды. Құжаттарды тіркеу мен рәсімдеу жұмыстары келесі аптаның басында тез аяқталады деп үміттенемін, сонда ол келесі жексенбі күні «Дандиге» қарсы матчта ойнауға дайын болады", — деп бапкердің сөзін Daily Record басылымы келтіреді.
Еске сала кетейік, өткен маусымда Ислам Чесноков «Тобол» сапында барлық турнирлерде 29 матч өткізіп, он гол соғып, бес нәтижелі пас берді. Сондай-ақ ол Қазақстан Кубогының иегері атанды.