"Ақтөбе" ФК жанкүйерлері клубтың жаңа басқарма төрағасы болып Арман Оспановтың тағайындалуына қарсы ресми үндеу жариялады.
Фан-клубтың Instagram-парақшасында шыққан жазбада жанкүйерлер Оспановтың директор болатыны жайлы сыбыс бұрыннан жүргенін, енді оның расталғанын айтады. Дегенмен олар өзгеріс пен инвестицияға қарсы емес екенін ерекше атап өткен.
Өңір футболын дамытуға, қаржы құйылуына қарсы емес. Бірақ дәл осы кандидатураны түбегейлі құптамайды.
Мәлімдемеде жанкүйерлер клубтың Ақтөбе облысы үшін мәнін кеңірек тарқатады. Олардың сөзінше, "Ақтөбе" — жай қызмет те, орындық та емес, ол — өңірдің символы, қаланың абыройы, Орталық стадион трибунасында өскен талай буынның мақтанышы.
Сондай-ақ фанаттар клубты көтерген басшылардың есімі құрметпен аталатынын, ал зиян келтіргендер қарғысқа қалатынын жасырмай жазған.
Фанаттардың ең өткір тұсы — Оспановтың бұрын әлеуметтік желіде "Ақтөбе" жанкүйерлерін итке теңегендей пікір айтуы туралы айып. Осыған байланысты олар оны клуб басшылығына лайық емес деп санайды:
"Біз „Ақтөбе“ ФК жанкүйерлерін итке теңеуге дейін барған адамды қабылдамаймыз. Біз оның отставкасын талап етеміз", — делінген фан-клуб жазбасында.
Бүгін "Ақтөбе" қазақстандық кәсіпкер Нұрлан Артықбаевтың меншігіне өткен, ал басқарма төрағасы қызметіне Арман Оспанов тағайындалған. Оспанов бұрын "Қайрат" фан-клубының қатарында болған және өткен уақытта әлеуметтік желіде қазіргі клубына қатысты жағымсыз пікірлер қалдырған.