Соның салдарынан кездесу мерзімінен бұрын тоқтатылды.
"Крылья Советов" пен КАМАЗ клубтары арасында өткен жолдастық матч жаппай төбелеспен аяқталды. Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны барысында болған оқиға ойынның бірінші таймында орын алды. Соның кесірінен кездесудің екінші бөлімі мүлдем өткізілмеді.
Футболшылар арасында қақтығыс матч кезінде басталған. Алаңдағы жағдай ушығып, шарықтау шегіне жеткенде "Крылья Советов" командасының қорғаушысы Николай Рассказов КАМАЗ ойыншысы Реваз Ревазовты баспен ұрып жібереді. Соның салдарынан ойыншының беті қан-жоса болады.
Осы сәтте алаң маңындағы адамдардың бірі немесе КАМАЗ клубының қызметкері эмоцияға беріліп, Николай Рассказовқа бейәдеп сөз айтқан.
"Сен не істеп жатырсың, б...? Д…, сабырға кел!" – деген сөздер естілген.
Келеңсіз жайттың шектен шығуына байланысты екі клубтың өкілдері матчты жалғастырмау туралы шешім қабылдады. Кездесудің екінші таймы болған жоқ. Ойын тоқтатылған сәтте есеп 1:0 есебімен КАМАЗ клубының пайдасына болды.
Айта кетейік, бұл кездесу екі команданың Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында өтті. Қазіргі таңда төбелеске қатысты ресми тәртіптік шаралар қолданылатыны немесе қолданылмайтыны жөнінде нақты ақпарат жарияланған жоқ.