Тараптар арасында келісім жақын күндері толығымен рәсімделіп бітеді деп күтілуде.
Қазақстандық жас футболшы Азамат Зинадин жақын күндері ҚПЛ-дің жетекші клубтарының бірі – қостанайлық "Тобылмен" келісімшартқа қол қоюы мүмкін. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.
Дереккөз мәліметінше, 19 жастағы жезқазғандық футболшы қазір "Тобылдың" базасында. Тараптар келісімшартты рәсімдеудің соңғы кезеңінде.
2025 жылғы маусымда шабуылға бейім жартылай қорғаушы Бірінші лигада өнер көрсетті. Ол "Екібастұз" және "AKAS" клубтарының сапында 24 матчқа қатысып, 2 гол соқты.
Азамат Зинадин – "Super bol" жобасының финалисі. Ол өткен маусымда кәсіби деңгейдегі алғашқы толыққанды маусымын өткізді.
Айта кетейік, өткен маусымда "Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасында үшінші орын алып, ел Кубогын жеңді. Қостанайлық клуб жаңа маусым қарсаңында құрамды жас әрі перспективті футболшымен толықтыруды көздеп отыр.