Месси 900-ші голын соқты

Сарапшы, спорт журналисі

Лионель Месси тағы бір тарихи белесті бағындырды.

Мессидің рекорды командаға көмектеспеді 

КОНКАКАФ Чемпиондар кубогының 1/8 финалында “Интер Майами” мен “Нэшвилл” кездесті. Алғашқы ойын 0:0 есебімен аяқталған. Ал жауапты кездесуде Майами клубы өз алаңында 1:1 есебімен тең түсті. Алаң иелері сапынан Лионель Месси 7-минутта есеп ашса, қонақтар қатарынан Кристиан Эспиноса 74-минутта таразы басын теңестірді.

Осы турнирде сырт алаңда соғылған гол ережесі әлі күшінде болғандықтан келесі кезеңге “Нэшвилл” жолдама алды. Сөйтіп Мессидің тарихи голы “Интер Майамиді” ширек финалға алып шыға алмады.

900 голдық межеге жетті

“Нэшвилл” қақпасына соғылған доп Месси үшін кәсіби карьерасындағы 900-ші гол болды. Осы межеден ерлер футболында әзірге тек екі ойыншы асқан — Криштиану Роналду мен Лионель Месси.

Сауд Арабиясының “Әл-Наср” клубында өнер көрсететін Криштиану Роналдудың еншісінде 965 гол бар. Ал Месси 900 голды 1142 матчта соқса, Роналду бұл көрсеткішке 1236 ойында жеткен.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір