Кәсіпкер Дінмұхамед Ыдырысов қазақстандық футбол клубының жаңа иесі атанды.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, “Тұран” ФК қазақстандық миллионер Дінмұхамед Ыдырысовқа тиесілі Ordabasy Group компаниясының иелігіне берілді.
20 наурыз күні өткен электронды сауда барысында клубқа жаңа қожайын екінші әрекетте табылды. Алғашқы сауда 2026 жылдың наурыз айының басында өткен. Ол кезде клубтың бастапқы бағасы 1,054 миллиард теңге болып белгіленген. Бұл соманы бағалаушы 2025 жылдың 30 желтоқсанындағы нарықтық есеп негізінде шығарған. Бірақ алғашқы саудаға бірде-бір өтінім түспей, конкурс өтпей қалған.
Қайта ұйымдастырылған саудада “Тұранның” бастапқы бағасы 737,8 миллион теңгеге дейін төмендеген. Соған қарамастан сауда қорытындысында клубтың түпкілікті бағасы 1,1 миллиард теңгеге жетті.
Ресми дерекке сәйкес, актив үшін екі қатысушы таласқа түскен. Нәтижесінде ашық конкурс жеңімпазы болып Ordabasy Group холдингіне кіретін компания танылды.
Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша, Дінмұхамед Ыдырысов Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер мен ең ықпалды 50 бизнесменнің қатарына енеді.
2025 жылдың мамырындағы дерек бойынша 563 миллион доллар байлықпен 18-орында тұр. Ал ең ықпалды бизнесмендер рейтингінде 19-сатыға жайғасқан.
“Тұран” өткен Қазақстан Премьер-лигасында 14-орынға, яғни соңғы сатыға тұрақтады. Осы нәтижеден кейін команда Бірінші лигаға түсіп қалды.