Адиев "Ақтөбемен" келіссөз дауынан кейін "Крылья Советовтен" қуылды

Сарапшы, спорт журналисі

Магомед Адиев ресейлік клубтағы қызметінен кетті.

Адиев "Ақтөбемен" келіссөз дауынан кейін "Крылья Советовтен" қуылды
instagram/@fckssamara

“Крылья Советов” Адиевпен қош айтысты

Самараның “Крылья Советов” клубы бас бапкер Магомед Адиевтің қызметінен кеткенін ресми түрде хабарлады. Ресейлік команданың басшылығы мен маман өзара келісім негізінде ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдаған.

Самаралық ұжымның баспасөз қызметі Магомед Адиевтің команда тізгінін 2025/2026 жылғы маусым қарсаңында ұстағанын еске салды. Оның жетекшілігімен “Крылья Советов” Ресей Премьер-Лигасының 22 турынан кейін 13-орында тұр. Команда осы аралықта бес жеңіске жетіп, алты рет тең түсіп, 11 матчта жеңілген. Сонымен қатар клуб Ресей кубогының жартылай финалына дейін барған.

Ресми мәлімдемеде клуб басшылығы маманға атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, алдағы мансабына сәттілік тіледі.

Сергей Булатов тізгінді уақытша ұстады

Команданың уақытша бас бапкері болып Сергей Булатов тағайындалды. Ол бұған дейін де “Крылья Советов” жүйесінде жұмыс істеген тәжірибелі маман.

Булатов клуб сапында 1997-1998 жылдары ойнап, 29 матчта 10 гол соққан. Ал бапкерлік штабта 2020 жылдан бері қызмет атқарып, командамен бірге бірқатар жетістікке үлес қосты. Атап айтқанда, ұжым ФНЛ жарысында рекордтық көрсеткіштер тіркеп, мерзімінен бұрын чемпион атанған және клуб тарихында екінші рет Ресей кубогының финалына шыққан.

Адиевтің кетуіне не себеп болды?

Бұған дейін БАҚ-та Магомед Адиевтің Самара клубындағы қызметін атқарып жүріп, Астанада «Ақтөбе» клубының басшылығымен келіссөз жүргізгені туралы ақпарат тараған еді. Осы жайт үлкен талқы тудырып, жанжалға ұласқан.

Бұрын Қазақстан құрамасын жаттықтырған маманның ресейлік клубтан кетуі дәл осы даулы жағдаймен байланысты екені айтылып жатыр.

“Ақтөбені” кім басқаруы мүмкін?

Сонымен бірге ақпарат көздері “Ақтөбе” клубының тізгінін 53 жастағы словакиялық маман Штефан Таркович ұстауы мүмкін екенін жазды.

Әзірге клуб тарапынан бұл мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ.