Шымкенттік клуб қызметкерлеріне 100 млн теңге қарыз
Жалақы берешегі бірнеше жылдан бері жиналған, іс бақылауға алынды.
Шымкенттің "Қыран" футбол клубында қызметкерлерге жалақы төленбей келеді. Берешек көлемі 101,2 миллион теңгеге тең.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің дерегінше, клуб 44 қызметкерге жалақы төлемеген. Қарыз 2024 жылдан бері жиналған.
Қабылданған шаралар
Ведомство өкілдері бұл жағдайға байланысты нақты шаралар қабылданғанын мәлімдеді.
"Мекеме басшылығына міндетті түрде орындалуы тиіс нұсқамалар берілді, әкімшілік шаралар қолданылды. Атқарушылық іс аясында сот орындаушылары ұйымның есепшоттарын бұғаттады, қарызды өндіру жұмыстары жалғасып жатыр", – деді департамент басшысының орынбасары Мұрат Төлендиев.
Айта кетейік, 2024 жылы "Қыран" клубы Qazaqstan Football League жарыстарына қатысу лицензиясынан айырылды. Бұған клубтың лицензиялау талаптарын орындамауы себеп болған.