Абдукодир Хусанов Қазақстан құрамасынан қымбат болып шықты

Жекпе-жек шолушысы

Өзбекстан құрамасы мен “Манчестер Сити” қорғаушысы трансфер нарығында айтарлықтай қымбаттады.

Абдукодир Хусанов Қазақстан құрамасынан қымбат болып шықты
gazeta.uz

Бағасы күрт өсті

Азия футболының Еуропадағы ең жарқын өкілдерінің біріне айналған Абдукодир Хусанов соңғы жылдары үлкен прогресс көрсетті. Өзбекстандық қорғаушы Францияның “Ланс” клубына ауысқан кезде, кейін “Манчестер Сити” сапына өткен тұста бағасы шамамен 12 миллион еуро деп көрсетілген.

Қазір 22 жастағы футболшының нарықтық құны 35 миллион еуроға дейін көтерілді. Яғни, аз уақыт ішінде 23 миллион еуроға қымбаттаған. Бұл оның жоғары деңгейдегі ойыншылар қатарына қосылып келе жатқанын және Еуропаның үздік клубтарының бірінде өзін дәлелдеп жүргенін аңғартады.

Хусанов Қазақстан құрамасынан екі есе қымбат

Салыстыру үшін айтсақ, Transfermarkt дерегінше Қазақстан құрамасының жалпы трансферлік құны 17,7 миллион еуро. Ал Хусановтың жеке бағасы — 35 миллион еуро.

Бұл көрсеткіш өзбекстандық қорғаушының нарықтағы құны Қазақстан құрамасының барлық ойыншысын қоса есептегендегі бағадан да жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстандағы ең қымбат футболшы кім?

Қазір Қазақстан құрамасындағы ең қымбат ойыншы — “Қайраттың” 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев. Жас форвардтың трансферлік құны 3 миллион еуроға бағаланып отыр.

Айта кетейік, Сәтпаев бұған дейін лондондық “Челсимен” келісімшартқа отырған. Бұл қадам жас қазақстандық шабуылшының болашағына деген сенімді күшейте түсті.

“Манчестер Ситидегі” негізгі ойыншылардың біріне айналды

Абдукодир Хусанов биылғы маусымда “Манчестер Сити” сапында тұрақты түрде алаңға шығып жүр. Барлық турнирлерді қосқанда 29 матч өткізді және көп жағдайда негізгі құрамнан орын алған.

Хусанов қорғаныстағы сенімділігімен, доппен жұмыс істеу техникасымен және шабуылды тереңнен бастай алу қабілетімен ерекшеленеді. Мұндай қасиеттер оны Пеп Гвардиола жүйесіне сай келетін қорғаушылардың біріне айналдырады.