"Ордабасы" 98-минутта жеңісті жұлып алды

Жекпе-жек шолушысы

Шымкенттің "Ордабасы" ФК Қазақстан Премьер-лигасының 10-турында Талдықорғанның "Жетісуын" қабылдады.

"Ордабасы" 98-минутта жеңісті жұлып алды
instagram/@fc__ordabasy

"Жетісу" есепті бірінші ашты

Кездесуде қонақтар белсендірек көрініп, ойын тізгінін жиі өз қолында ұстады. Дегенмен қауіпті сәттер көп бола қойған жоқ.

Бірінші таймда Дінмұхамед Қашкен айып алаңы ішінде дәл соққы жасап, талдықорғандықтарды алға шығарды. Бұл голдан кейін алаң қожайындары үзіліске дейін таразы басын теңестіре алмады.

Сергей Малый есепті теңестірді

Екінші таймда алаң иелері қарқынын күшейтті. "Ордабасы" капитаны Сергей Малый жақын қашықтықтан дәл соққы жасады.

Матчтың негізгі уақыты аяқталғаннан кейін де тартыс бәсеңдеген жоқ. Қосымша минуттарда шешуші эпизод тіркелді. 98-минутында "Ордабасы" пенальти орындау мүмкіндігіне ие болды. Нүктеге келген Муроджон Халматов мүлт кетпей, командасына маңызды үш ұпай сыйлады. 
Осы жеңістен кейін "Ордабасы" 22 ұпай жинап, көш бастап тұрған "Қайраттан" үш ұпайға қалып келеді.