"Тобыл" тағы да бапкер ауыстырмақ

Бас редактор

Бапкерге қатысты мәселе ҚПЛ-дың алдағы турында шешіледі деген ақпар бар. 

"Тобыл" тағы да бапкер ауыстырмақ
matchtv.ru

Қостанайлық "Тобыл" клубында тағы да кадрлық өзгеріс болуы ықтимал. Команданың соңғы нәтижелеріне байланысты қазіргі бас бапкер Мирослав Ромащенконың болашағы күмәнді болып тұр.

Sports24.kz мәліметінше, клуб басшылығы беларусь маманына нақты талап қойған. Егер "Тобыл" Қазақстан Премьер-лигасының келесі турында "Атырауды" жеңе алмаса, Ромащенко қызметінен кетуі мүмкін.

Мирослав Ромащенко "Тобылдың" бас бапкері қызметіне 22 сәуірде тағайындалған еді. Алайда оның жетекшілігімен команда тұрақты нәтиже көрсете алмады.

Алғашқы ойында "Каспийді" жеңгеннен кейін қостанайлық клуб қатарынан төрт матчта жеңіліс тапты. Соңғы кездесулердің бірінде "Тобыл" Шымкенттің "Ордабасысына" 0:3 есебімен есе жіберді.

Осы сәтсіз серия клуб ішіндегі жағдайды ушықтырып, бапкерлік штабқа қысымды күшейтті.

"Атырауға" қарсы матч шешуші болуы мүмкін

Алдағы тур аясында өтетін "Атырауға" қарсы ойын Ромащенко үшін шешуші матчқа айналуы ықтимал. Егер "Тобыл" бұл кездесуде жеңіске жете алмаса, клуб басшылығы маусым барысында тағы бір бапкерлік өзгеріске баруы мүмкін.

Бұл жағдайда қостанайлық команда бір маусым ішінде үшінші бас бапкерін ауыстыруы ықтимал.

Чурчич қайта оралуы мүмкін

Ромащенконың орнына басты үміткер ретінде сербиялық маман Милич Чурчичтің есімі аталып отыр. Дереккөз мәліметінше, оның Қостанайға қайта оралуы 1 маусымда ресми түрде рәсімделуі мүмкін.

Чурчич "Тобыл" жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол 2023-2024 жылдары клубты жаттықтырып, командамен бірге Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды.