"Қайраттың" аты аңызға айналған шабуылшысы өмірден өтті

Бокс шолушысы

Сергей Рожков 84 жасқа қараған шағында дүние салды.

"Қайраттың" аты аңызға айналған шабуылшысы өмірден өтті
instagram/@f.c.kairat

Сергей Егорович Рожков қазақстандық футбол тарихында өзіндік орны бар тұлғалардың бірі саналады. Ол әр жылдары "Қайрат" сапында өнер көрсетіп, алматылық клубтың көшбасшыларының біріне айналды.

Рожков "Қайрат" жейдесін 1966-1967, 1970-1973 және 1975-1976 жылдары киді. Осы аралықта алматылық клуб үшін 203 матч өткізіп, 25 гол соқты. Сонымен бірге команда капитаны болып, өз буынының ең жарқын футболшыларының бірі ретінде есте қалды.

Рожков 1971 жылы "Қайратпен" бірге Халықаралық теміржолшылар спорт одағы кубогының иегері атанды. Бұдан бөлек, КСРО спорт шебері, 1969 жылғы КСРО чемпионы, КСРО кубогының екі дүркін иегері болды. Сонымен қатар Сергей Егорович КСРО құрамасы сапында бір матч өткізген.

"Сергей Егорович клубымыз бен қазақстандық футбол тарихында өшпес із қалдырды. „Қайрат“ футбол клубы оның туған-туыстарына, жақындарына, достарына, бұрынғы командаластарына және Сергей Егоровичті таныған барша жанға қайғыра көңіл айтады. Иманы саламат болсын", — делінген "Қайраттың" хабарламасында.

Сергей Рожков "Қайраттан" бөлек, Мәскеу және Рязань қалаларының "Спартак" командаларында ойнаған.