"Тараз" қарызды жаппаса, клубтық автобустан айырылады
Журналист Елдар Аманбаев өзінің Telegram-арнасында "Тараз" футбол клубының мүлкі қарызды өтеу мақсатында аукционға шығарылуы мүмкін екенін хабарлады.
Клуб автобусы аукционға қойылуы мүмкін
Алдын ала ақпарат бойынша, Мемлекеттік кірістер басқармасы клубтың берешегін өтеу үшін "Тараздың" мүлкін сатуды жоспарлап отыр. Аукцион 9 маусымда өтуі мүмкін.
Саудаға шығарылатын негізгі мүлік — клуб автобусы. Оның бастапқы бағасы 19 375 000 теңге деп көрсетілген.
"Тараздың" қарызы 500 миллион теңгеге жетуі мүмкін
Бұған дейін клуб басшылығы "Тараздың" жалпы берешегі шамамен 352 миллион теңге екенін мәлімдеген. Бірақ айыппұлдар мен өсімпұлдар қосылған жағдайда бұл сома 500 миллион теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Қарыздың негізгі бөлігі өткен маусымдардан жиналған міндеттемелерге қатысты. Атап айтқанда, футболшылар мен бапкерлер штабының жалақысы, сыйақы төлемдері және бюджет алдындағы орындалмаған қаржылық міндеттемелер бар.
Команданың турнирдегі жағдайы қандай?
Қаржылық қиындықтарға қарамастан "Тараз" Бірінші лигада нәтижелі өнер көрсетіп келеді. 7-турдан кейін команда еншісінде 15 ұпай бар және турнир кестесінде үшінші орында тұр.