Түркістандағы шешуші матч: "Қайрат" жанкүйерлері клубтан көмек сұрады

Жекпе-жек шолушысы

Алматылық клубтың жанкүйерлері басшылығыққа үндеу жасап, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңіндегі қарымта матчқа бару үшін Түркістанға арнайы көлік ұйымдастыруды өтінді.

Түркістандағы шешуші матч: "Қайрат" жанкүйерлері клубтан көмек сұрады
instagram.com/f.c.kairat/

Жанкүйерлер клуб басшылығына жүгінді

Алматылық команда Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде Болгарияның “Левски” клубымен кездеседі. Қарымта ойын Түркістанда өтетіндіктен көптеген жанкүйер үшін матчқа бару мәселесі қиындаған.

Фанаттардың пікірінше, клуб ұйымдастыратын арнайы автобус немесе өзге де көлік түрі стадиондағы жанкүйерлер санын арттырып, командаға қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жанкүйерлер өз үндеуінде Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне бір ғана қадам қалғанын атап өтті. Олардың айтуынша, бұл кезеңнен өту “Қайратқа” Еуропаның басты клубтық турниріне тағы бір табан жақындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар фанаттар қарымта кездесудің Алматыдан Түркістанға ауыстырылуына байланысты көптеген адамның жол жүру, көлік және уақыт мәселесіне тап болатынын жеткізді.

“Алда команданы шешуші кездесулер күтіп тұр. Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі плей-офф сатысына дейін бір ғана қадам қалды. Бұл – басты еуропалық клубтық турнирді Алматыға қайта жақындатып, жанкүйерлерге өз стадионында Чемпиондар лигасының әнұранын тағы бір мәрте тыңдауға мүмкіндік беретін ерекше сәт. Алайда концерт өткізілуіне байланысты матчтың Түркістанға ауысуы көптеген жанкүйердің сапар ұйымдастыруына қиындық туғызады”, – делінген үндеуде.

Алматыдан Түркістанға трансфер

“Қайрат” жанкүйерлері клубқа байланысты емес жағдайларды түсінетінін және матчты ауыстыру туралы шешімге күмән келтірмейтінін мәлімдеді. Дегенмен олар маңызды кездесулерде трибунадағы қолдау команданың нәтижесіне тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі екенін атап өтті.

“Клуб басшылығынан жанкүйерлерді Алматыдан Түркістанға және кері бағытта тасымалдауды ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Мұндай бастама стадиондағы белсенді жанкүйерлердің санын көбейтіп, командаға туған қаласынан алыста болса да, үйдегі атмосфераны сезінуге көмектеседі. Маусымдағы ең маңызды матчтардың бірінде футболшыларға жанкүйерлердің ерекше қолдауы қажет”, – деп жазды фанаттар.

Жанкүйерлер командамен бірге жаңа тарихи жетістіктерге жету үшін қолдан келгенше қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.