"Тобыл" еурокубоктегі жорығын жалғастырады

Жекпе-жек шолушысы

Қостанайлық клуб УЕФА Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде Литваның "Паневежис" командасын пенальти сериясында жеңді.

"Тобыл" еурокубоктегі жорығын жалғастырады
instagram/@fctobol

"Тобыл" бірінші таймда есепті теңестірді

Кездесудің алғашқы бөлігінде қостанайлық команда допқа көбірек иелік етіп, қарсылас қақпасына қысым жасады. Соған қарамастан есепті литвалық футболшылар ашты.

Шабуылшы Наурис Петкявичюс әуелеген допты баспен қақпа бұрышына дәл бағыттады. Бірінші таймның қосымша уақытында қостанайлықтар таразы басын теңестірді. Амин Талал қақпа маңындағы мүмкіндігін тиімді пайдаланып кетті. 

Пенальти сериясы құтқарды

Екінші таймның басында литвалық клуб белсенді ойнады. Дегенмен көп ұзамай алаң иелері қайтадан басымдықты өз қолына алды.

Қостанайлық футболшылар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. "Паневежис" қақпашысы Витаутас Черняускас командасын бірнеше рет голдан құтқарды. Александр Зуевтың алыстан жасаған соққысынан кейін доп қақпа бағанасына тиді.

Негізгі және қосымша уақытта жеңімпаз анықталмаған соң командалар пенальти сериясына жүгінді. Он бір метрлік соққыларда Мирослав Ромащенконың шәкірттері 4:3 есебімен жеңіске жетті.