Арабтар Харри Кейнның трансфері бойынша келіссөз жүргізді
"Әл-Хиляль" клубы Мюнхенның "Бавариясы" мен Англия құрамасының шабуылшысы Харри Кейнді қатарына қосуға қызығушылық танытып отыр.
Тағы екі шабуылшы қарастырылып жатыр
Саудиялық клубтың трансферлік тізімінде Харри Кейннен бөлек тағы бірнеше танымал футболшы бар. "Әл-Хиляль" Виктор Осимхен мен Олли Уоткинстың кандидатураларын да қарастырып жатыр.
Команданың шабуылын күшейту бағытындағы жұмыстарға клубтың жаңа спорт директоры Саймон Фрэнсис жетекшілік етуде. Дегенмен дәл қазіргі уақытта "Әл-Хиляль" үшін басты үміткерлердің бірі – Кейн.
Кейн "Баварияда" қалуға ниетті
Англия құрамасының капитаны әзірге Мюнхеннен кетуге асықпайды. Ақпаратқа сәйкес, Харри Кейн мансабын "Баварияда" жалғастыруды жоспарлап отыр және неміс клубымен жаңа келісімшартқа қол қоюы мүмкін.
Сонымен қатар шабуылшы болашақта Сауд Арабиясы чемпионатында өнер көрсету мүмкіндігін толығымен жоққа шығармайды. Кейн мансабының соңғы кезеңінде Таяу Шығысқа ауысу нұсқасын қарастыруы ықтимал.
Осыған байланысты "Әл-Хиляль" өкілдері футболшының айналасындағы адамдардан оның алдағы бірнеше жылға арналған жоспары өзгерген жағдайда клубты хабардар етіп отыруды сұраған.
"Бавариямен" келісімшарт қашан аяқталады?
Харри Кейннің мюнхендік клубпен қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін есептелген. Ағылшындық сұрмерген "Баварияға" 2023 жылы лондондық "Тоттенхэмнен" ауысқан. Содан бері шабуылшы Германия алпауыты сапында жоғары нәтижелілігімен көзге түсіп келеді.
Кейн "Бавария" жейдесінде өткізген 147 кездесуде 146 гол соққан.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.