"Ордабасы" vs "Қайрат": ҚПЛ чемпионы кім болады? Сандар сөйлейді
5 қыркүйекте ҚПЛ-дегі чемпиондық бәсеке санаулы сағаттың ішінде мүлде басқа сипат алды.
"Ордабасы" Көкшетауға чемпионат көшбасшысы ретінде келіп, алғашқы таймда өзінің әлеуетін көрсеткен болды. Бьорн Йонсен есеп ашып, командасын алға шығарған еді. Бірақ "Оқжетпес" ойынды өз пайдасына бұрып, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Сәл кейінірек "Қайрат" Ақтауда "Каспий" қақпасына жауапсыз үш гол соғып, қарсыласын ірі есеппен жеңді.
Осы матчтардан кейін турнир кестесіндегі үздік екі команданың жағдайы мынадай:
"Ордабасы" әлі де көш бастап келеді. Бірақ екі команданың арасын небәрі бір ұпай бөліп тұр. Оның үстіне "Қайрат" бір матч аз өткізген.
Осы ретте "Командалардың қайсысы статистикалық тұрғыдан чемпион атануға жақын?" сұрақ туады. Соған жауап іздеп көрсек.
"Қайрат" көшбасшыны басып озды
"Ордабасының" 24 матчтан кейін 55 ұпайы бар. Шымкенттік ұжым орташа есеппен әр матчта 2,29 ұпайдан алады.
Ал "Қайрат" қоржынында 23 матчтан кейін 54 ұпай бар. Бір матчтан 2,35 ұпайдан еншілейді.
Айырма өте аз — небәрі 0,06 ұпай. Бірақ чемпиондық титулдың қай клубқа бұйыратыны дәл осындай ұсақ айырмашылықтар шешеді.
Егер командалардың қазіргі PPG көрсеткішіне қатысты үрдіс 30-турға дейін осылай жалғасады деп есептесек, "Ордабасы" шамамен 68,8 ұпай, ал "Қайрат" шамамен 70,4 ұпаймен ҚПЛ-2026-ді аяқтайды.
Бұл болжам емес. Десе де, осы көрсеткіштің мынаны айқын көрсетеді:
"Ордабасы" жинаған ұпай саны бойынша бірінші.
"Қайрат" ұпай жинау қарқыны бойынша бірінші.
Шабуыл деңгейі шамалас. Негізгі айырма — қорғаныста
Екі команда да осы уақытқа дейін 47 голдан соқты. Бірақ "Қайрат" бұл межені 23 матчта бағындырса, "Ордабасыға" 24 матч қажет болды.
Орта есеппен, "Қайрат" — әр матчта 2,04 голдан соғады. Ал "Ордабасы" — 1,96 гол.
Жіберген гол санынан "Қайратта" -15, "Ордабасыда" -18. Демек алматылықтар орта есеппен әр матчта 0,65 гол жібереді. Шымкенттіктер - 0,75 гол.
Енді жалпы доп айырмасын есептесек, тағы да "Қайрат" алда: +32 vs +29.
Иә, доп айырмасы кімнің чемпион болатынын анықтамайды. Бірақ ұзақ дистанцияға келгенде ол команданың күшін бағалайтын қарапайым әрі пайдалы жанама көрсеткіштердің бірі саналады. Яғни команда өз қарсыласын тұрақты түрде жеңіп қана қоймай, есеп бойынша қаншалықты басым екенін көрсетеді.
Әр матчқа шаққандағы доп айырмасы қазір "Қайратта" — +1,39, "Ордабасыда" — +1,21. Айырма үлкен болмағанымен, басымдық "Қайратта" болып тұр.
Ең үлкен айырмашылық — жеңіліс санында
"Ордабасы" үш рет жеңілді. "Қайрат" — бір-ақ рет. Бұл чемпиондық бәсекедегі ең маңызды көрсеткіштердің бірі.
"Ордабасы" ойнаған матчтардың 70,8 пайызында жеңіске жеткен. "Қайрат" 69,6 процентінде. Бірақ матчты жеңіліспен аяқтау көрсеткіші "Ордабасыда" — 12,5%. "Қайратта" — 4,3%.
Осы жерде "Ордабасының" ойын моделі "жеңіс не жеңіліс" екені байқалады. Ал "Қайрат" сәтсіз өткен матчтардың өзінде кемінде бір ұпай алып қалады. Чемпиондық титулды бір-екі сәтсіздік шешетін тұста бұл өте маңызды қабілет. Әрі басымдық.
Мықты қарсыластарға қарсы жағдай қандай?
ҚПЛ-дің қазіргі алғашқы алтылығын алайық: "Ордабасы", "Қайрат", "Астана", "Оқжетпес", "Ақтөбе", "Елімай".
Енді чемпиондыққа таласып жатқан екі команданың осы алтылықтағы өзге клубтарға қарсы нәтижесіне қарайық.
"Қайрат": 8 матч. 19 ұпай. PPG - 2,38.
- "Астана" — 4:0.
- "Оқжетпес" — 3:1 және 5:0.
- "Ақтөбе" — 1:0.
- "Елімай" — 2:2 және 2:0.
- "Ордабасы" — 1:2 және 2:1.
"Ордабасы": 8 матч. 16 ұпай. PPG - 2,00.
Шымкенттіктер "Елімайды" екі рет жеңді, "Ақтөбені" өз алаңында ұтты, "Астанамен" тең ойнады, "Қайратты" бір жеңіп, бір рет ұтылды. Кеше "Оқжетпеспен" де жеңілді.
Енді бір матчқа шаққандағы орташа ұпай (PPG) салыстырсақ: 2,38 ("Қайрат") vs 2,00 ("Ордабасы").
"Қайрат" көбірек ұпай жинап қана қоймай, чемпионаттың жоғарғы бөлігіндегі командаларға қарсы да тиімдірек ойнап жүр.
Алда қандай матчтар күтіп тұр?
Енді қалған матчтардың географиясында назар аударсақ. "Қайраттың" ең үлкен басымдығы осында.
5 қыркүйектен кейін "Ордабасыда" алты ойын қалды.
- Өз алаңында: "Астана", "Жеңіс"
- Сырт алаңда: "Атырау", "Қайсар", "Ақтөбе", "Ертіс".
"Қайратта" жеті ойын қалды.
- Өз алаңында: "Жеңіс", "Тобыл", "Жетісу", "Ертіс", "Алтай"
- Сырт алаңда: "Астана", "Ақтөбе".
Дәл осы жерде өте маңызды бір көрсеткішке назар аудару қажет.
"Ордабасы" өз алаңында 13 матч өткізіп, 35 ұпай жинады. PPG - 2,69.
Сырт алаңда болған 11 кездесуде 20 ұпай қоржынға түсті. PPG - 1,82.
Енді арадағы айырмашылыққа тоқталсақ, әр матчқа шаққанда 0,87 ұпайдан келеді.
Тағы бір ескере кететін жайт, "Ордабасының" биылғы маусымдағы үш жеңілісі де сырт алаңда тіркелді.
- "Каспий" — 2:3.
- "Қайрат" — 1:2.
- "Оқжетпес" — 1:2.
Ал "Қайрат" өз алаңында 10 матч өткізді. 24 ұпай жинады. PPG - 2,40.
Сырт алаңда 13 матч ойнап, 30 ұпай еншіледі. PPG - 2,31.
Айырмашылық 0,09 ұпай ғана. Яғни "Қайрат" қайда ойнаса да, тиімділігі өзгермейді. Ал "Ордабасы" өз алаңында сұрапыл ойын көрсеткенімен, сырт алаңда нәтижелілігі шамамен үштен бірге төмендейді.
Осы тұста күнтізбе шынымен де өте жоғары маңызға ие бола бастайды. Бір қарағанда "Қайраттың" қарсыластары әлсіз болып көрінуі мүмкін.
Бірақ қалған қарсыластардың қазіргі PPG-ін жеке-жеке алып қарасақ,
- "Ордабасының" алдағы қарсыластарының орташа көрсеткіші - әр матчқа 1,25 ұпай.
- "Қайраттың" қарсыластары - 1,23 ұпай.
Сондағы айырмашылық 0,02 PPG ғана. Яғни қалған қарсыластардың әлеуеті бойынша екі команданың күнтізбесі іс жүзінде бірдей.
Басты мәселе мынада: "Қайрат"өзімен деңгейлес командаларды негізінен өз алаңында қабылдайды, ал "Ордабасы" олармен көбіне сырт алаңда ойнайды. Өз алаңында және сырт алаңдағы көрсеткіштері әртүрлі екі команда үшін бұл өте маңызды фактор.
Екі команда да өз алаңы мен сырт алаңда қазіргі қарқынымен ұпай жинай береді деп есептейік.
"Ордабасы":
- 2 матч (өз алаңында) × 2,69 = 5,38 ұпай.
- 4 матч (сырт алаңда) × 1,82 = 7,28 ұпай.
Жиналатын ұпай саны - 12,66. Осыны қазіргі 55 ұпайға қосқанда 67,7 ұпай жиналады.
"Қайрат":
- 5 матч (өз алаңында) × 2,40 = 12,0 ұпай.
- 2 матч (сырт алаңда) × 2,31 = 4,62 ұпай.
Жиналатын ұпай саны - 16,62. Қазіргі 54 ұпайды қосқанда 70,6 ұпай шығады. Яғни чемпиондық бәсекенің статистикалық профилі сәл "Қайраттың" пайдасына ауып тұр.
Қорыта айтқанда, қазіргі нәтижелерге сәйкес, чемпиондық бәсекеде "Қайраттың" статистикалық позициясы жақсырақ. Алматылық клуб бір матч кем өткізгеніне қарамастан, ұпай жинау қарқыны, доп айырмасы, жеңіліс саны және үздік командаларға қарсы нәтижесі бойынша алда тұр.
Ал "Ордабасының" басты артықшылығы — қазіргі бір ұпайлық басымдығы мен өз алаңындағы нәтижесі. Бірақ қалған күнтізбеде Шымкент клубының сырт алаңдағы матчтары көбірек болуы жағдайды біраз қиындатып тұр.
Осыны ескерсек, дәл қазір кімнің чемпион атанатынын дөп басып айту қиын. Айқын фавориті жоқ. Алайда маусымның осы нүктесіндегі сандар таразы басын аздап "Қайрат" жағына бұрып тұр.
Пікірлер
Пікір қалдыру уақытша жабық.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.