Ресей Өзбекстанға қарсы камбэк жасады
Футболдан Ресей құрамасы Ташкентте өткен жолдастық кездесуде Өзбекстаннан екі доп айырмасымен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды.
Өзбекстан екі голмен алға шықты
"Пахтакор" стадионында өткен ойын алаң иелері үшін сәтті басталды. Бесінші минутта бұрыштамадан берілген допты Ресей құрамасының қорғаушысы Виктор Мелёхин өз қақпасына соғып алды.
Екінші тайм басталысымен алаң иелері басымдығын арттырды. 46-минутта Бехруз Каримов есепті еселеді.
Комличенконың дублі мен Миранчуктың шешуші голы
Ресейліктер кездесудің соңғы бөлігінде ойын барысын өзгертті. Николай Комличенко 70-минутта есеп айырмасын қысқартып, араға бес минут салып екінші голын соқты.
Ал 79-минутта Алексей Миранчук қонақтарды алға шығарды. Осылайша Ресей құрамасы тоғыз минуттың ішінде үш рет мергендік танытып, екі доп айырмасын жеңіске айналдырды.
Екі команда да келесі жолдастық кездесуін 17 қарашада өткізеді:
Өзбекстан – Сауд Арабиясы: Доха, "Джассим бин Хамад" стадионы.
Ресей – Венесуэла: Краснодар.