Словакия Қазақстанға қарсы матчта жастарға мүмкіндік бермек
Словакия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс Қазақстанмен өтетін Ұлттар лигасы матчы алдында құрамдағы өзгерістерді түсіндірді.
Негізгі ойыншыларға демалыс берілді
Вайсстың айтуынша, бірқатар жетекші футболшыға демалыс беру туралы шешім алдын ала қабылданған. Олардың клубтары да осындай өтініш білдірген.
"Біз екінші құраммен келдік деп айта алмаймын. Бірақ командада жас футболшылар көп. Жетекші ойыншыларға демалыс беруге уәде еткендіктен, оларды алып келмедік. Олардың клубтары — "Атлетико" мен "Фенербахче" де осыны сұрады. Екінші жағынан, бұл өзге футболшыларға ұлттық құрамада өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Өйткені алда ұзақ үзіліс күтіп тұр", — деді бас бапкер.
Жақсы нәтижеге үмітті
Маман алдағы кездесудің оңай болмайтынын атап өтті. Дегенмен жас ойыншылардың өздерін дәлелдеуге деген ұмтылысына сенім артады.
"Қиын ойын болады деп күтемін. Сонымен бірге жақсы нәтижеге үміттімін. Себебі мүмкіндік алған футболшылар өздерін көрсетуге тырысады", — деді Вайсс.
Ұлттар лигасының алтыншы турындағы Қазақстан — Словакия кездесуі 16 қарашада Астанада өтеді. Матч алдында Словакия құрамасының еншісінде 11 ұпай бар. Қазақстан құрамасы екі ұпай жинаған.