Қазақстан құрамасы небәрі бір ұпаймен турнир кестесінің соңғы сатысында тұр
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасының топтық кезеңінде үшінші ойынын өткізді. Австриядан Шацкий қақпасына 4 гол соғып, құраманы тізе бүктірді. Бұған дейінгі ойында да құрамамыз Словенияға ірі есеппен есе жіберді (0:3). Тек алғашқы матчта ғана Норвегиямен 0:0 есебімен тең тарқасты. Осылайша Черчесов шәкірттері турнирде әлі бірде-бір гол салған жоқ. Бас бапкер мұның себебін былай түсіндірді.
«Біз өткен жылдан қарағанда басқа дивизионда өнер көрсетіп жатырмыз. Бұл біздің деңгей деп айта алмаймын. Иә, гол соғатын мүмкіндіктеріміз болды: бірде соңғы пас жетпей қалып жатты, енді бірінде шешуші соққы жасалмады.
Қалай болғанда да, мен алдыңғы ойындардан қарағанда бүгін басқа ойын көрдім. Ол кезде біз шабуылда сүреңсіз ойнадық. Ал, бүгін жақсы шабуылдар ұйымдастыра білдік. Исламхан оралды, бір тайм ойнап шықты.
Біз әрбір мүмкіндікті ұтымды пайдалануымыз керек. Мен ертең жігіттерге бұл сәттердің бәрін көрсетемін, олар ойын кезде байқамаған боулы керек. Сол кезде олар болмашы сәтте қателескенін көріп, таң қалатынына сенімдімін.
Бұл сын емес. Біз өте мықты командамен сырт алаңда ойнадық. Нәтижесі көңілден шықпады. Сабақ алатын боламыз. Бастысы, қазір бізге осындай матчтар көп өткізу керек, сонда ғана жаңа деңгейге көтерілеміз», - деді Станислав Черчесов Meta-ratings.kz тілшісіне берген сұхбатына.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан құрамасы небәрі бір ұпаймен турнир кестесінің соңғы сатысында тұр. 13 қазанда Черчесов шәкірттері Словенияны өз алаңында қабылдайды.