Оған Қазақстан чемпионатының 22-турындағы ойын барысында болған тәртіпсіздік себеп.
2024 жылғы Қазақстан чемпионатының 22-туры аясындағы матч барысында команда тәртіпсіздігіне байланысты, яғни ойыншыларға 7 ескерту жасалғаны үшін, «Ақтөбе» ФК-ға 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Бұл соманы 2024 жылдың 9 қарашасына дейін төлеу қажет. Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысы 9-шы қазанда осындай шешім қабылдады.
Бұдан бөлек, аталған матчта «Қайрат» футболшыларына 5 ескерту жасалғаны үшін «Қайрат» ФК-ға да 100 АЕК (369 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Бұл соманы 2024 жылдың 9 қарашасына дейін төлеу тиіс.
«Ақтөбе» жанкүйерлерінің төрешіні қорлауы, заттарды лақтыруы және арандатушылық баннер көрсетуі үшін командаға 500 АЕК (1 846 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Бұл соманы да 2024 жылдың 9 қарашасына дейін төлеу қажет.
«Қайрат» ФК-ға сол матчта флеш-сұхбат өткізілмегені үшін ескерту берілді.