"Әл-Хилал" бразилиялық футболшының тоқтаусыз жарақат алуына байланысты арадағы келісімшартты үзуі мүмкін.
"Әл-Хилал" басшылығы бразилиялық шабуылшы Неймармен арадағы келісімшартты үзу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
UOL басылымының хабарлауынша, ойыншы 2025 жылдың қаңтарында клубтан кетуі мүмкін. Клуб басшылығы бразилиялық форвардтың жарақатына байланысты осындай қадамға баруға дайын.
Неймар 2023 жылдың тамызында "Әл-Хилалға" ауысып, қазан айында Уругвай құрамасына қарсы ойында жарақат алған болатын.
Араға бір жыл салып, бразилиялық футболшы алаңға қайта оралып, Азия чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің үшінші турында БАӘ-нің "Әл-Айн" командасына қарсы ойын өткізді (5:4). Осыдан кейін"Әл-Хилал" ұлттық турнирлерде тағы үш кездесу өткізді. Бірақ Неймар құрамда болған жоқ.
4 қарашада Неймар жарақаттан айыққаннан кейінгі екінші матчына қатысты. Азия чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде Иранның "Эстеглял" командасына қарсы кездесудің екінші таймында алаңға шықты. Бірақ оң аяғындағы ыңғайсыздыққа байланысты жарты сағаттан кейін алмастырылған болатын.