Бүгін тағы бір кандидат сайлауға қатысудан бас тартты.
Қазақстан футбол федерациясының жаңа президентін сайлау жақындаған сайын үміткерлер саны да азайып барады. Бастапқыда өз кандидатурасын ұсынған 6 адамның қазір үшеуі ғана бар.
Айта кетейік, бұған дейін Ерлан Жамантаев пен Наргис Мағау сайлауға қатысудан бас тартты. Енді Давид Лория да солардың қатарынан табылып отыр.
«Бүгін мен көптеген адамды таң қалдыратын, кейбіреулердің көңілін түсіруі мүмкін шешім қабылдадым. Яғни, бұл – Қазақстан футбол федерациясы президенттігіне өз үміткерлігімді алып тастау туралы. Бұл шешім кездейсоқ емес. Мен өз үміткерлігімді Марат Омаров үшін алып тастамақшымын. Себебі оның Қазақстандағы футболды дамыту жөніндегі көзқарасы мен тұжырымдамасы маған жақын келеді. Оның біздің футболымызды жаңа деңгейге шығара алатынына, бәрін біріктіріп, бүгінгі ғана емес, ұзақ мерзімді болашақта да қажетті бағытқа бағдар алатынына шын жүректен сенемін. Марат Омаровтың бойында осы мақсаттарға жету үшін барлық қажетті қасиеттер бар. Ең бастысы – ол футболды бала кезінен бері жақсы көріп, осы күнге дейін ойнап, қызығып, футболмен өмір сүріп келеді», - деді Давид Лория.
Ертең ҚФФ-ның кезектен тыс XXVII сайлау конференциясы өтеді. Бұл жиында федерацияның жаңа басшысы анықталады.