
«Барыс» ХК Новосибирскінің «Сібір» командасымен кезекті жолдастық кездесуде жеңіске жетті.
Өткен маусымда «Барыс» ҚХЛ чемпионатын соңғы орында аяқтаса, «Сібір» 1/8 финалға дейін жеткен болатын. Бұл фактор биылғы маусым алдындағы дайындық матчтарына қосымша маңыз беріп отыр.
Бас бапкер Михаил Кравец ойынға мынадай құрамды шығарды:
Қақпашылар: Шестаков (Шутов);
Қорғаныс: Масси–Уолш, Маккошен–Бреус, Бекетаев–Данияр, Королёв–Оразов;
Шабуылшылар: Галимов–Морелли–Веккионе, Савицкий–Томпсон–Қайыржан, Әсетов–Өмірбеков–Колесников, Ляпунов–Шайхмедденов–Мұратов.
Екінші кезеңде алғаш болып қонақтар есеп ашты. Алайда көп ұзамай америкалық шабуылшы Мэйсон Морелли дубль жасап, «Барысқа» басымдық сыйлады. Соңғы кезеңде Эмиль Галимов айырмашылықты арттырды. Қорытындысында ресейлік команда бір шайба соққанымен ойын 3:2 есебімен астаналықтардың жеңісімен аяқталды.
Кеше өткен алғашқы кездесуде де «Барыс» сенімді ойнады. Ол ойында 3:1 есебі тіркеліп, шайбаларды Кирилл Савицкий, Джейк Масси және Әлихан Әсетов соққан еді.