Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатын драмамен аяқтады

Сарапшы, спорт журналисі

Ыстамбұлда 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы хоккейден әлем чемпионаты (IIA дивизионы) мәресіне жетті. 

Қазақстандық хоккейшілер әлем чемпионатын драмамен аяқтады
instagram/@kazakhstanicehockey

Турнир алдындағы жағдай: Қазақстан көш бастап тұрды

Соңғы ойын күніне дейін Қазақстан құрамасы 12 ұпаймен көш бастап келген еді. Біздің қыздар төрт кездесудің барлығында негізгі уақытта жеңіске жетіп, барынша сенімді нәтиже көрсетті.

Ал ең жақын ізкесуші Оңтүстік Корея құрамасы 11 ұпай жинады. Себебі олардың төрт жеңісінің бірі овертаймда тіркелген.

Шешуші матч: жолдама тағдыры осы ойында шешілді

Екі команда үшін де бұл кездесу ерекше маңызды болды: дәл осы ойын I B дивизионына берілетін жолдаманың иесін анықтауы тиіс еді. Сондықтан Қазақстанға да, Оңтүстік Кореяға да кез келген тәсілмен жеңіс қажет болды.

Матчтағы есепті Қазақстан құрамасы ашты. Екінші кезеңнің ортасында София Зубкова мергендік танытты. 

Алайда үшінші кезеңде жағдай күрт өзгерді. Оңтүстік кореялық хоккейшілер шабуылда қарқын қосып, біздің қақпаға қатарынан бес шайба соқты. Нәтижесінде матч 5:1 есебімен қарсыластардың пайдасына аяқталды.

Осылайша келесі маусымда Оңтүстік Кореяның жасөспірімдер құрамасы I B дивизионында өнер көрсетеді. Ал Қазақстан құрамасы II A дивизионының күміс жүлдесін қанағат тұтты.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір