
Италиядағы қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының ресми медальдары таныстырылды – ерекше дизайн, экологиялық тазалық және терең мағына көпшіліктің көңілінен шықты.
Милан-Кортина-2026 қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының ресми медальдары жұртшылыққа таныстырылды. Медальдар Венеция қаласында ұйымдастырылған ресми іс-шарада алғаш рет көрсетілді. Бұл марапаттар Италияның көркемдік шеберлігі мен тұрақты өндіріс принциптерін біріктіретін бірегей туынды ретінде бағалануда.
Жаңа медальдар екі жарты бөліктен құралған. Бұл – спортшының жеке жолын және сол жолда бірге болған жандардың қолдауын білдіретін символ. Әрбір медаль – жеңіс пен жанкештіліктің мәнін, эмоция мен командалық рухты бейнелейтін ерекше рәміз.
"Біз Олимпиада және Паралимпиада ойындарына арнап жасаған медальдар - италиялық дизайнның шеберлігі мен кемелдігінің көрінісі. Әрқайсысы - қолөнер мен инновация тоғысынан туған бірегей туынды”, - деді Италия мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институтының президенті Паоло Перроне.
Медальдар қайта өңделген металдан Италияның Мемлекеттік теңге сарайы мен баспа институты (IPZS) тарапынан дайындалады. Құю процесі жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін индукциялық пештерде жүзеге асырылады. Қаптамасы – пластиксіз, FSC сертификатталған экологиялық таза материалдан жасалған.
Милан-Кортина-2026 Олимпиадасы 2026 жылдың 6–22 ақпан аралығында өтеді. Жарыс аясында барлығы 245 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл медальдар Олимпиада мен Паралимпиада ойындарының құндылықтарын бейнелейтін айрықша символға айналмақ.