Түнгі рейспен Астана халықаралық әуежайына Нью-Йорк марафонында 80-89 жас аралығындағы қатысушылар арасында чемпион атанған Салтанат Түйтебаев оралды.
Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, жасы 80-ге келген желаяқты туған-туыстары мен достары ерекше ықыласпен қарсы алған. Ол көпшілікке денсаулық пен жігердің символына айналды.
«Әлемде ең беделді алты марафон бар: Лондон, Бостон, Берлин, Чикаго, Нью-Йорк және Токио. Бұл жарыстарға жай ғана тіркеліп қатыса алмайсыз — арнайы уақыт нормативін орындауыңыз қажет. Мен Амстердамдағы жарыста көрсеткішімді тіркетіп, Нью-Йорк марафонына өтініш бердім. Биыл 200 мың адамның арасынан таңдалып, қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Осылайша, өз мансабымда екінші рет Нью-Йорк марафонын жүгіріп өттім», — деді Салтанат Түйтебаев.
80 жастағы спортшы бұған дейін 2021 жылы Нью-Йорк марафонында 75-79 жас санатында күміс жүлде иеленген еді. Төрт жыл өткен соң ол 42,2 шақырымдық қашықтықты 4 сағат 45 минут 56 секундта бағындырып, жасы 80-89 аралығындағы спортшылар арасында үздік нәтиже көрсетті.
«2021 жылы пандемияға байланысты жарысқа 30 мың адам ғана қатысқан болатын. Ал биыл 55 мың адам қатар жүгірді. Олимпиада және әлем чемпиондарымен бірге мәреге жету – мен үшін үлкен мәртебе. Қиын трасса болса да, 2 миллионнан астам көрермен бізді жанкүйерлікпен қолдады», — деп бөлісті ардагер марафоншы.
Биылғы Нью-Йорк марафонында Қазақстан атынан 44 спортшы қатысқан.
Жарыстың ең жасы үлкен қатысушысы – 91 жастағы жапондық Коичи Китабатаке. Ол марафонды 7 сағат 25 минут 13 секундта аяқтаған.
Қысқаша ақпарат