Руслан Құрбанов бір күнде екі Олимпиада чемпионын тізе бүктірді
Қазақстан құрамасының көшбасшы шпагашысы Руслан Құрбанов Астанада өтіп жатқан семсерлесуден Әлем кубогы кезеңінде финалға жолдама алды.
Жартылай финалда Олимпиада чемпионын тоқтатты
Жеке сындағы жартылай финалда қазақстандық спортшы Венгрия өкілі Давид Надимен кездесті. Айта кетейік, Надь 2024 жылғы Олимпиада ойындарында командалық есепте чемпион атанған.
Тартысты өткен бәсеке 15:13 есебімен Руслан Құрбановтың пайдасына шешілді. Осылайша қазақстандық шпагашы турнирдің финалына сенімді түрде шықты.
Руслан Құрбанов алтын медаль үшін украиналық Роман Свичкармен сынға түседі.
Бір күнде екі Олимпиада чемпионын жеңді
Құрбанов бұл турнирде нағыз сенсация жасап отыр. Бұған дейін ширек финалда Жапонияның екі дүркін Олимпиада чемпионы Кано Кокиді 9:8 есебімен жеңген еді.
Осылайша қазақстандық спортшы бір күннің ішінде екі бірдей Олимпиада чемпиондарын жолынан ығыстырып, финалға дейін жетті.