Қазақстандық жүзушілер АҚШ-та топ жарды

Спорт шолушысы

Ұлттық құрама Гринсборода өткен халықаралық доданы 13 алтын, 2 күміс және 2 қола жүлдемен аяқтады.

Қазақстандық жүзушілер АҚШ-та топ жарды
Olympic.kz

София Абубакирова 50 метр баттерфляй қашықтығында алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар ол 50 метр шалқалап жүзуде қола жүлдеге ие болды. Бұдан бөлек, спортшы 4×50 метр, 4×100 метр еркін стильдегі және 4×50 метр аралас эстафетада алтын медаль еншіледі.

Максим Сказобцов 100 метр баттерфляйда чемпион атанды. Ол 200 метр баттерфляйда күміс, ал 50 метр баттерфляйда қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ спортшы 4×50 метр, 4×100 метр еркін стильдегі және 4×100 метр аралас эстафетада жеңімпаз болды.

Егор Попов 100 метр еркін стильде үздік нәтиже көрсетіп, алтын жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар спортшы 4×50 метр еркін стильдегі және 4×50 метр аралас эстафетада бірінші орын иеленді.

Ришат Жұмағұлов 50 метр баттерфляйда күміс медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, ол 4×50 метр еркін стильдегі және 4×50 метр аралас эстафетада алтын медальға қол жеткізді.