Президент кубогы: Әлемнің үздік теннисшілері Астанада кіл мықтыны анықтайды
15–20 қыркүйек аралығында Астанада алғаш рет WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирі өтеді.
Жарыс Қазақстан Республикасы Президентінің дәстүрлі ашық кубогы аясында ұйымдастырылады. Турнирге әлемнің 18 елінен 160 спортшы қатысады.
Астанаға әлемдік жұлдыздар келеді
Жарысқа әлемдік үстел теннисінің танымал өкілдері қатысады.
Олардың қатарында:
- Ван Иди (Қытай)
- Алексис Лебрен (Франция)
- Данг Цю (Германия)
- Дарко Йоргич (Словения)
- Дмитрий Овчаров (Германия)
- Сацуки Одо (Жапония)
- Миу Хирано (Жапония) бар.
Сонымен қатар 2015 жылғы әлем чемпионатының жекелей сынында күміс жүлдегер атанған Фанг Бо Қазақстан намысын "Nomad Table Tennis Academy" клубының атынан қорғайды.
Жарыс бес дисциплина бойынша өтеді
"WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup" World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енген.
Жарыстың халықаралық құқық иеленушісі және ұйымдастырушысы – ITTF қамқорлығындағы World Table Tennis (WTT). Қазақстандағы ұйымдастыру жұмыстарын "Nomad Table Tennis Academy" жүргізеді.
Турнир бес дисциплина бойынша өтеді:
- Ерлер арасындағы жекелей сын
- Әйелдер арасындағы жекелей сын
- Ерлер арасындағы жұптық сын
- Әйелдер арасындағы жұптық сын
- Аралас жұптық сын
Осылайша, Астана 15–20 қыркүйек аралығында әлемдік үстел теннисінің ірі орталықтарының біріне айналады. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Турнирдің жалпы жүлде қоры 300 мың доллар.