ҚПЛ Футбол Бәрі-бір Жекпе-жек Жаңалықтар Хоккей Авто Теннис Фитнес Киберспорт Болжам Ойыннан тыс Чемпиондар лигасы
ҚПЛ ҚПЛ 26-тур

Баскетболшыларымыз Азиаданың ашылуына дейін жарыстан шығып қалды

Қазақстан ерлер құрамасы 2026 жылғы Азия ойындарындағы топтық кезеңді сәтсіз аяқтады.

Баскетболшыларымыз Азиаданың ашылуына дейін жарыстан шығып қалды
instagram.com/nbfkz/

Үш матч – үш жеңіліс

Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Бірақ жарыстың кейбір спорт түрлері негізгі рәсімге дейін басталып кеткен. Солардың бірі – баскетбол.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде Қытай, Филиппин және Бахрейн командаларымен бір топқа түсті.

Алғашқы кездесуде қазақстандық баскетболшылар Қытайға 61:99 есебімен есе жіберді. Екінші турда Филиппин құрамасы Қазақстаннан 109:78 есебімен басым түсті. Осы екі жеңіліске қарамастан Қазақстанның плей-офф кезеңіне шығуға теориялық мүмкіндігі сақталған еді. Турнир регламенті бойынша әр топтан үздік екі құрамаға қоса, үшінші орын алған командалардың арасынан үздік нәтиже көрсеткен ұжым да келесі кезеңге өте алады.

Дегенмен шешуші кездесуде Қазақстан Бахрейнге 78:101 есебімен жеңіліп, тобында соңғы орында қалды. Үш кездесудің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы қарсылас себетіне 217 ұпай салса, өз қоржынына 309 ұпай жіберді. Осылайша ұлттық құраманың жалпы доп айырмасы –92 болды.

Үш жеңілістен кейін команда Азия ойындарындағы жарысын ресми ашылу салтанатына бес күн қалғанда аяқтады.

Қазақстан бұған дейін Азиада жүлдесін алған

Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарында бұрын жүлдегер болған. 2002 жылы Азиаданың қола медалін жеңіп алды. Бірақ кейінгі ірі жарыстарда нәтиже төмендеді. 2018 және 2023 жылдардағы Азия ойындарында Қазақстан үздік сегіз құраманың қатарына кіре алмады.

Ұлттық құраманың сәтсіз нәтижесі ел баскетболындағы соңғы өзгерістермен тұспа-тұс келді. Азиада басталардан бірнеше ай бұрын Қазақстан құрамасының базалық клубтарының бірі саналған "Астана" кәсіби команда ретінде таратылып, жас ойыншыларды даярлау мен резерв қалыптастыру бағытына көшті. Мұндай шешімге клубтың ВТБ Бірыңғай лигасындағы қанағаттанарлықсыз нәтижелері себеп болғаны айтылды.

Ресми мәлімет бойынша 2023-2026 жылдар аралығында "Астана" баскетбол клубына 7,2 миллиард теңге, яғни жыл сайын шамамен 1,8 миллиард теңгеден бөлінген. Азия ойындарындағы Қазақстан құрамасында "Астана" сапында жаңа маусымды бастауы тиіс болған Рустам Мырзағалиев пен Асқар Майдекин де өнер көрсетті.

"Каспий" де қаржылық қиындыққа тап болды

Жаңа маусым қарсаңында Қазақстанның қазіргі чемпионы – Ақтаудың "Каспийі" де қаржы мәселесіне байланысты ел чемпионатынан шығатынын мәлімдеген. Алайда екі күннен кейін клубтағы жағдай реттеліп, команда чемпионатқа қайта оралатынын хабарлады.

Осы оқиғалар аясында Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы үш жеңілісі отандық баскетболдың қазіргі жағдайына қатысты сұрақтарды одан әрі көбейтті.

Бұл туралы не ойлайсыз?