Мексикада рестлер 75 жастағы төрешіні рингте өлтіріп алды
Идальго штатында өткен рестлинг шоуы қайғылы оқиғамен аяқталды. 75 жастағы төреші Херардо Херман Пинеда рестлер Ихо де Фишман қолданған әдістен кейін рингте қайтыс болды
Рингте не болды?
Оқиға Минераль-де-ла-Реформа қаласындағы турнирдің басты жекпе-жегі кезінде болған. "Эль Бухо" лақап атымен танылған төрешіге Ихо де Фишман "пайлдрайвер" деп аталатын қауіпті әдіс қолданған.
Осыдан кейін Пинеда рингте қимылсыз қалған. БАҚ мәліметінше, көрермендер бастапқыда мұны қойылымның бір бөлігі деп қабылдап, жағдайдың ауырлығын бірден түсінбеген. Оқиға орнына келген жедел жәрдем қызметкерлері төрешінің қайтыс болғанын тіркеген.
Жергілікті полиция рестлерді ұстап, Идальго штатының тергеу органдарына тапсырған. Іс абайсызда адам өліміне әкелу дерегі бойынша тергеліп жатыр.
Мексикалық басылымдардың жазуынша, кінәсі дәлелденген жағдайда рестлерге 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Оның жауапкершілігіне қатысты түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Рестлинг тарихындағы қайғылы оқиғалар
Рестлинг жарыстарында бұған дейін де адам өліміне әкелген жағдайлар тіркелген. Олардың қатарында:
- Оуэн Харт – 1999 жылы Канзас-Ситидегі шоуда арқанмен рингке түсу кезінде биіктен құлап, көз жұмды. Ол 34 жаста еді.
- Перро Агуайо-кіші – 2015 жылы Тихуанадағы командалық кездесуде мойнынан ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Ол 35 жаста болған.
- Майк Дибьяси-үлкен – 1969 жылы жекпе-жек кезінде жүрек ұстамасынан көз жұмды.
- Гэри Олбрайт – 2000 жылы Пенсильваниядағы рестлинг кездесуінде жүрек ұстамасынан қайтыс болды.
- Ларри Кэмерон – 1993 жылы Германияда өткен жекпе-жек кезінде жүрек ұстамасынан көз жұмды.
- Мицухару Мисава – 2009 жылы кездесуде мойнынан ауыр жарақат алды. Дәрігерлер 46 жастағы жапониялық рестлерді құтқара алмады.
- Сильвер Кинг – 2019 жылы Лондондағы шоу кезінде есінен танып, қайтыс болды. Кейін өлімінің себебі инфаркт екені анықталды.