Парадзюдошы Ибраһим Нұрмаханұлы Азия Пара ойындарының чемпионы атанды
Ибраһим Нұрмаханұлы Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды.
Қазақстандық парадзюдошы 70 келіге дейінгі салмақта (J2 санаты) үздік нәтиже көрсетті. Шешуші белдесуде Ибрагим өзбекстандық Кемран Нуриллаевтан басым түсіп, жарыс жеңімпазы атанды.
Қазақстан қоржыны жүлделермен толықты
Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынына парапауэрлифтингтен тағы екі жүлде түсті. 45 келіге дейінгі салмақта Алина Солодухина 103 келіні көтеріп, күміс медаль иеленді. Ал Айжан Берімқұлова 101 келі нәтижесімен қола жүлдегер атанды.
Ибраһим Нұрмаханұлының жеңісінен кейін Қазақстан құрамасының алтын медаль саны үшке жетті. Бұған дейін Давид Дегтярев парапауэрлифтингтен 54 келіге дейінгі салмақта топ жарса, Еркін Ғаббасов 10 метр қашықтықтан пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден (R1 санаты) алтын медаль жеңіп алған еді.