Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Барселона" қазақстандық клубты ойсырата жеңді

"Семей" футзал клубы УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіндегі екінші кездесуінде "Барселонадан" ірі есеппен жеңілді.

"Барселона" қазақстандық клубты ойсырата жеңді
instagram/@fcsemey

"Семей" мен "Барселона" матчында не болды?

Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі аясындағы кездесу Словакияның Лученец қаласындағы спорт кешенінде өтті.

Серджи Альтисент жаттықтыратын қазақстандық команда матчты Игита, Оразов, Педриньо, Фернан және Родригиньодан құралған бастапқы бестікпен бастады. Сондай-ақ ойынға Кнейсс, Дедезиньо, Пиялы, Есенаманов, Төреғазин және өзге де футзалшылар қатысты.

Кездесудің алғашқы минуттарында қос команда да белсенділік танытты. Жетінші минутта Родригиньоның қателігін пайдаланған Эрик есеп ашып, испаниялықтарды алға шығарды.

Бірінші тайм аяқталар тұста, 18-минутта Игор Соуза "Барселонаның" басымдығын еселей түсті.

Екінші таймда каталониялықтар бес гол соқты

Үзілістен кейін "Семей" есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік алды. 25-минутта Дедезиньо қарсылас қақпасын дәл көздеп, есепті 1:2-ге жеткізді. Алайда қазақстандық клубтың қарымта шабуылы ұзаққа созылмады.

27-минутта Адольфо Игитаның қақпадан алға шығуын тиімді пайдаланып, испаниялықтардың үшінші голын соқты. Араға бір минут салып, Сухейль Мухудин есепті 4:1-ге жеткізді. 33-минутта "Семейдің" жағдайы одан әрі қиындай түсті. Педриньо қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

Сан басымдығын пайдаланған "Барселона" 34-минутта тағы бір нәтижелі шабуыл ұйымдастырды. Эрик екінші голын соғып, дубль авторы атанды.

Ал кездесудің соңғы минутында Антонио Перес ойынның нүктесін қойды.

"Семейдің" Чемпиондар лигасындағы келесі қарсыласы кім?

Осы жеңістен кейін "Барселона" алты ұпай жинап, топтағы жағдайын жақсартты. Ал "Семейдің" еншісінде әзірге үш ұпай бар.

Енді жерлестеріміз негізгі кезеңдегі соңғы кездесуін 31 қазан, сенбі күні өткізеді. Қарсылас – Швейцарияның "Минерва" клубы.

Айта кетейік, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне төрт командадан тұратын топтың үздік үш ұжымы жолдама алады.

Бұл туралы не ойлайсыз?